Жаңалықтар

Қазақстанда баспана мәселесі: қай өңір алда, қайсысы артта?

Жеке баспананың болуы әр отбасы үшін жайлылық пен тұрақтылық әкелсе, мемлекет үшін – әлеуметтік теңдік пен қоғам тыныштығының кепілі. Қазақстанда қазіргі таңда тұрғын үймен қамтылу жан басына шаққанда 24,5 шаршы метрді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға жоғарылағанымен, әлі де БҰҰ белгілеген 30 шаршы метрлік деңгейден төмен.

Өңірлер бойынша тек Астана (32,3 ш. м.) мен Алматы (30,6 ш. м.) қалалары ғана қажетті межеге жетіп отыр. Ал Маңғыстау облысы (29,2 ш. м.) бұл көрсеткішке жақындап қалды. Ең төмен деңгей Жамбыл (18,8 ш. м.) және Жетісу (19,9 ш. м.) облыстарында тіркелді. Сондай-ақ Түркістан мен Абай облыстары да аутсайдерлер қатарында.

Тұрғын үй құрылысы қай өңірде қарқынды?

2025 жылдың қаңтар–шілдесінде ең көп жаңа тұрғын үй Астана (2,2 млн ш. м.) мен Алматыда (1,6 млн ш. м.)пайдалануға берілді. Бұл қос қалада тұрғын үймен қамтылу деңгейінің жоғары болуы да осыдан.

Қызығы, ең төмен қамтылған өңір – Жамбыл облысы тұрғын үй салуда жақсы қарқын көрсетіп отыр: жеті айда 366,4 мың ш. м. (әр мың адамға 300 ш. м.) берілген. Ал Жетісу облысы бұл бағытта да артта: бар болғаны 146,5 мың ш. м. (әр мың адамға 211,5 ш. м.). Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында да көрсеткіш төмен.

Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары

Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Отбасы банкі» аймақтық бағдарламаларды іске асырып жатыр.

📌 Жетісу облысы – «Маман» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, БАҚ, туризм, мемлекеттік корпорациялар және партия филиалдарында жұмыс істейтіндерге арналған.

Қарыз көлемі – 20 млн тг-ге дейін

Алғашқы жарна – 10%

Жылдық мөлшерлеме – 5% (СЖТМ 5,2–5,7%)

Бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде жастарға арналған «Жетісу жастары», ауыл тұрғындарына арналған «Жерұйық»бағдарламалары бар.

📌 Жамбыл облысы – жастарға арналған «Әулиеата жастары» жобасы іске асырылды.

📌 Алматы облысы – биыл қыркүйекке дейін өтінім қабылдаған «Алатау» бағдарламасы әлеуметтік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерге арналды.

Қарыз көлемі – 30 млн тг-ге дейін

Алғашқы жарна – 10%

Жылдық мөлшерлеме – 5%

Бағдарлама бойынша тек Алматы облысындағы бастапқы нарықтан үй алуға мүмкіндік берілді.

Қорытынды

Өңірлік бағдарламалар әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып жасалады. Олар тұрғын үйге деген сұранысты азайтуға, әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағытталған. Қазір мұндай бастамалар Астана мен Алматыда, сондай-ақ Атырау, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО және Ұлытау облыстарында іске асырылып жатыр.