1 қазаннан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?
Қазанда елімізде салық, интернетке қосылу, шетелге шығу ережелері мен басқа да бірнеше салада жаңалықтар күшіне енеді. Негізгі өзгерістерге шолу жасадық.
Қоғамдық орындардағы Wi-Fi енді тек сәйкестендірілгеннен кейін
4 қазаннан бастап тегін Wi-Fi-ға қосылу үшін телефон нөміріңізге SMS-код алу немесе eGov порталы арқылы ЭЦҚ-мен кіру қажет болады. Бұл қауіпсіздік пен бақылауды күшейту үшін енгізіліп отыр.
Мүлік салығын төлемегендерге – өсімпұл
1 қазанға дейін 2024 жылға мүлік салығын төлемегендерге 2 қазаннан бастап күн сайын өсімпұл есептеле бастайды. 14 қарашадан кейін қарыз көлемі 1 АЕК-тен (2025 жылы – 3 692 теңге) асса, іс сот орындаушыларына жіберіледі. Олар банк шоттарын бұғаттап, мүлікке тыйым салуға немесе елден шығуға шектеу қоюға құқылы.
Шарм-эль-Шейхке ұшу ережелері өзгерді
1 қазаннан бастап 21 жасқа толмаған қазақстандықтар Мысырдың Шарм-эль-Шейх курортына тек ата-анасымен немесе жақын туыстарымен ғана бара алады. Егер бірге әжесі, ағасы не әпкесі ертіп барса, нотариалды сенімхат талап етіледі.
Көпқабатты үй тұрғындарының айлық төлемақысы қайта есептеледі
18 қазаннан бастап көпқабатты үйлердің ортақ шығындарына төленетін ең төменгі жарна жаңа әдістемемен белгіленеді. Егер тұрғындар өздері бекітпесе немесе төлем тым төмен болса, ол нарықтағы бағаларға сәйкес есептелмек. Бұл төлемдердің өсуіне әкелуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие
1 қазаннан бастап «Кең дала – 2» бағдарламасы іске қосылады. Аграрлар 5% мөлшерлемемен несие алып, жанармай, тыңайтқыш, тұқым сатып ала алады. Қажет болған жағдайда қарыздың 85%-ына дейін «Даму» қоры кепілдік береді.
Футбол клубтарын жекешелендіру жоспары дайындалуы тиіс
Осы айда елдегі футбол клубтарын жекешелендірудің кестесі жасалуы керек. Бұл бастама бюджет шығынын азайтып, клубтарды жеке инвесторлардың қарауына беруді көздейді.
Білім саласына жасанды интеллект енгізу жоспары
Оқулықтан бастап ЖОО-ға дейінгі білім жүйесіне 2025–2029 жылдарға арналған жасанды интеллект стратегиясы дайындалады.
Қытаймен шекара уақытша жабылады
1–3 және 6 қазанда Қытай мерекелеріне байланысты қазақстан-қытай шекарасындағы автокөлік бекеттері жұмыс істемейді.
Қосымша демалыс күні
25 қазан – Республика күні. Биыл бұл күн сенбіге келгендіктен, ресми демалыс 27 қазан, дүйсенбіге ауыстырылады. Сөйтіп ай соңында үш күн қатарынан демалыс болады.
Қазандағы ауа райы
Ай басында -6 градусқа дейін суытса, ортасына қарай қайта жылынады. Бірақ айдың соңына таман жауын-шашын, тұман, көктайғақ пен алғашқы боран болуы ықтимал.
Кәсіпкерлер үшін маңызды өзгеріс
ҚР Ұлттық экономика министрлігі жеңілдетілген салық режимін қолдана алмайтын қызмет түрлерінің тізімін жариялады. Қазір құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр. Кәсіпкерлер 13 қазанға дейін өз ұсыныстарын қалдыра алады.