Экология

Алматыдан Қызылордаға: «AMANAT» партиясы road-эстафета бастады

Бүгін Алматы облысы Тарғап ауылы тұсындағы кемпинг-алаңда ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасының ашылу салтанаты өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» бұл – бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз, сондықтан тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Осы сөздер біздің идеялық тұғырнамамызға айналды. Қоғамда табиғатқа, тарих пен мәдениетке, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау әдетін орнықтыру қажет. Жастардың бойына нағыз экологиялық патриотизмді сіңіріп, жауапты мінез-құлық қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді.

«Бұған қоса, акциямыз мәдени-ағартушылық миссиясын да атқарады. Жастар мұндай жұмыстар арқылы тарихты тереңірек танып қана қоймай, табиғат пен мәдени мұраға құрметпен қарауды үйренеді. Себебі кез келген ескерткішті бүлдіру – халықтың тарихи жадына қастандық жасаумен тең. Осыдан екі жыл бұрын «Жастар Рухы» жастар қанаты вандализмге қарсы қоғамдық петицияны қолдаған болатын. Кейін сол бастама вандализмге қарсы жауапкершілікті күшейтетін заңның негізіне айналып, оған өткен жылы Мемлекет басшысы қол қойды», – деді «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова.

Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы аясында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділері бір жарым жылға жетпейтін уақытта 1000-нан астам ластанған аумақты тазартып, абаттандырды. Іс-шараларға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.