Жаңалықтар

Қайрат пен Real ойыны: Қайрат халықты ойламай ма?

Бүгін Қазақстанда футбол жанкүйерлері асыға күткен кездесу өтеді: УЕФА Чемпиондар лигасында алматылық «Қайрат» пен әлемдік алып – мадридтік «Реал» алаңға шығады.

Алайда ойын қарсаңында қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе бар. Белгілі кәсіпкер Серік Нұралбай «Қайрат» футбол клубының жейдесіндегі «1XBET» букмекерлік кеңсесінің жарнамасына қатысты пікір білдіріп, оны сынға алды. Ол өз ойын Instagram желісінде жариялаған бейнежазбада айтты.

Серік Нұралбайдың пікірі:

«Қайраттың Чемпиондар лигасына шыққанына бәріміз қуаныштымыз. Бірақ олардың кеудесінде «1xBet»-тің белгісі тұр. Бұл мемлекеттің арзан екенін көрсетеді. Бізде «Halyk bank», «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі компаниялар бар ғой. Солармен неге серіктеспеске?! «1xBet» деп тұр… сатылып кеткен ел сияқты көрінеміз. Ұялдым.

Бұл жарнама адамдардың көзін үйретеді. Ертең балаларымыздың алдынан шығып қалса, миында қалып, қалыпты құбылыс ретінде қабылданады. Сосын ставка қоюға бейімделуі мүмкін. Өте қауіпті.

Күні кеше казиноларды жарнамалаған блогерлерді соттап жатқанын естідік. «1xBet»-тің де казинодан айырмашылығы жоқ. 

Спонсор деген — репутация, статус. Бізде бидай, мұнай, мыс секілді ресурстарды өндіретін ірі компаниялар жетерлік. Солардың белгісі тұрса, мәртебе болар еді. Ал «1xBet» қандай статус береді? Ол арзан көрінеді. Тіпті стриптиз клубтың жарнамасы секілді әсер қалдырады».

Кәсіпкердің бұл сыны әлеуметтік желі қолданушылары арасында да қызу талқыланып жатыр. Ал «Қайрат» футбол клубы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Неде болса, маңызды ойын күні «Қайратқа» редакция атынан сәттілік пен жеңіс тілейміз!