Солтүстік Қазақстанда шетелдіктерге заңсыз ЖСН берілген
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) рәсімдеу кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы шетелдіктерге Қазақстан аумағында болмағанына қарамастан 720 ЖСН рәсімдеп бергені белгілі болды. Бұл — «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» заң талаптарына қайшы әрекет.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде жауапты тұлғаларға шара қолданылып, заңсыз берілген ЖСН-дердің күші жойылып жатыр.
Сонымен қатар, 3 шілдеде прокуратура жолдаған материалдар негізінде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция бөлімдері ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабы 2-бөлігі («Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Қазір тергеу жүргізілуде. Оның барысы облыс прокуратурасының бақылауында.