Шоубиз

Рүстем Жүгінісовке қатысты сот үкім шығарды

Елордадағы әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әнші Рүстем Жүгінісовке қатысты үкім шығарды.

Ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 453-бабы («Бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпараттық-коммуникациялық желілерде ұлттық, әлеуметтік, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танылып, 78 640 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі kznews.kz ақпараттың агенттігіне сілтеме жасап. 

Сот отырысында екі эпизод қаралды. Бірінші жағдай 2023 жылдың 31 желтоқсанында TikTok желісінде жарияланған пікірге қатысты болды. Жүгінісов Жаңа жылды атап өтудің қажеті жоқ екенін айтып, бұл мерекені пайғамбар да, ата-бабалар да тойламағанын алға тартқан.

Екінші эпизод Ақтөбедегі мешітте түсірілген бейнежазбаға байланысты. Видеода ер адам қызға «бір реттік никях» ұсынған сәтке әнші пікір қалдырып, оны арандатушылық деп бағалаған. Сонымен қатар, ол қыздардың мешітке тек әкесінің немесе ағасының ертуімен баруы жөн деген ұсынысын білдірген.

Мамандар жүргізген сараптама бұл мәлімдемелер қоғамда діни алауыздық туғызуы ықтимал деген қорытындыға келген.