Ақша жеген экс-ауылшаруашылық министрі атылып кетті
Қытайдың бұрынғы ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрі Тан Жэньцзяньге қатысты үкім Чанчунь қаласының (Цзилинь провинциясы) халық сотында шықты.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2007 жылдан 2024 жылға дейін түрлі лауазымдар атқарып жүріп, қызметтік өкілеттігін жеке адамдар мен компанияларға көмек көрсетуге, тендерлер ұтып алуға және мансапта өсуге пайдаланып отырған. Осы үшін шенеунік 268 миллион юаньнан (38 миллион АҚШ долларынан астам) артық заңсыз пайда тапқан.
Сот пара көлемін «аса ірі мөлшердегі» деп таныды. Бұл мемлекет пен халықтың мүддесіне елеулі зиян келтіргендіктен, өлім жазасын қолдануды талап етеді. Алайда кінәсін мойындағаны, тергеуге көмектескені, қаржының басым бөлігін өз еркімен қайтарғаны және өкініш білдіргені ескеріліп, үкім екі жылға кейінге шегерілген өлім жазасы болып бекітілді. Сонымен бірге ол өмір бойына саяси құқықтарынан айырылды, жеке мүлкі түгелдей тәркіленді. Тәркіленген қаражат пен одан түскен пайыз мемлекет қазынасына аударылады, ал жетпеген сома қосымша өндіріліп алынады.
Айта кетейік, осы жылдың көктемінде Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігінің тағы бір бұрынғы шенеунігіне қатысты іс қозғалған. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ведомство автокөліктерін жөндеуге туыстық байланысы бар компанияны заңсыз тартқан. Сот үкімімен оған 3,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.