Дархан Сатыбалды мегаполисті жарықтандыру жұмысымен танысты
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жарықтандыру жобаларын жүзеге асыру барысында қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне және шаһардың эстетикалық келбетіне ерекше мән беруді тапсырды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды Медеу ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерде жарық орнату жұмыстарын бағалады. Мұндай жобалар қаланың эстетикалық келбетін жақсартуға көмектеседі, осы мақсатта үйлердің қасбеті де боялған.
Республика Сарайы алдындағы скверде 65 торшерлі шам 100 Вт қуатты жылы жарық беретін жарықдиодты шамдарға ауыстырылды. Жаңа LED-шамдар жоғары жарықтығымен, энергияны аз тұтынуымен және ұзақ қызмет ету мерзімімен ерекшеленеді.
Абай даңғылы мен Байзақов көшесінің жолайырығында қуаты 500 Вт болатын 40 заманауи LED-шам орнатылды. Олар бұрынғыларға қарағанда жарығырақ әрі үнемдірек: жарықтандыру деңгейі алты еседен астам артты, ал энергия тұтыну 37%-ға төмендеді.
Алматы әкімі сапалы жарықтандырудың қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудағы, сондай-ақ қаланың эстетикалық келбетін жақсартуда маңызы зор екенін атады. Сондай-ақ, жарықтандырудың кешенді жұмыстарын қамтитын жоспарды ұстанудың қажеттілігіне ерекше тоқталды.