Шығыс Қазақстанда уақыт белдеуі ауыспайтын болды
ШҚО тұрғындары тағы да уақыт белдеуін ауыстыру мәселесін көтерді. Қыста өңірде күн сағат 16:00–17:00 шамасында-ақ батады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім түпкілікті қабылданған, бұрынғы режимге қайта оралмайды.
«Мен мұны қате шешім деп санамаймын. Бұған дейін өз пікірімді айтқанмын әрі ғылыми және экономикалық деректермен негіздедім. Керісінше, бұл – дұрыс әрі уақытылы қабылданған шешім. Алдағы уақытта оның оң әсерін көреміз», – деді министр.
Оның сөзінше, шешімнің пайдасы таңғы уақытты тиімді пайдалануға және халық денсаулығына тікелей қатысты.
«Біз министрлікте икемді жұмыс кестесіне көштік: басшылық жұмыс күнін 08:00-де бастайды, қызметкерлер – 08:30-да, ал 17:30-да жұмыс аяқталады», – деді ол.
ШҚО-да күн таңғы үште атады деген ескертуге министр:
«Бұл мәселе талай мәрте талқыланды. Бірақ жергілікті билікке бәрі қолайлы», – деп жауап берді.