Мәдениет

Ұлттық киноның жаңа белесі – «QAITADAN» фильмі миллиардтық табысқа жетті

Қазақстан прокатында жаңа көшбасшы пайда болды. Режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі «QAITADAN» үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта алдыңғы орынға шықты. Бұл – мемлекет қаржыландырған жоба шығынын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы туынды.

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген фильм оқиғасымен ғана емес, көркемдік қуатымен де ерекшеленеді. «QAITADAN» – драмалық мазмұны терең, шынайы сезімге құрылған туынды. Оның астарында қауіпсіздік, жауапкершілік, бірлік тақырыптары қозғалып, жастарды достық пен бауырмалдыққа жетелейді. Әрбір диалог қоғамға ой салса, әр көрініс көрерменнің жүрегіне жақын.

Фильмде отбасы құндылықтары дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттары айқын көрініс тапқан.

Бұл жоба 2023 жылғы питчинг жеңімпазы атанған. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали:

«Бұл – елімізде жас режиссёрлер мен дебюттік жобаларға нақты мүмкіндік беріліп отырғанының жарқын көрінісі. Режиссёр Думан Еркімбек пен продюсер Жалын Тілеуберген сынды жаңа толқынның жұмысы соның дәлелі. Мұндай сапалы жобаның халыққа танылып, көрерменнің көңілінен шығуы – жүйелі еңбегіміздің нәтижесі», – деді.

Орталық барша көрермендерді отандық киноны қолдап, «QAITADAN» фильмін кинотеатрларда тамашалауға шақырады.

Соңғы реформалар мен жетістіктер

Соңғы екі жылда отандық киноиндустрияда бірқатар маңызды реформалар жасалды. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі – конкурстың жаңа ережесі. Оның мақсаты – әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ету.

Сараптама кеңесінің дауыс беру жүйесі жаңартылып, тіл тазалығына айрықша мән берілуде. Бұл жас режиссёрлердің дебюттік жобаларына сенім арттырды.

Іріктелген жобалар өндіріске жіберіліп, үлкен экранға дейін толық сүйемелденеді. Әр фильмге жеке менеджер бекітіледі.

Биылдың өзінде 12 ұлттық фильм көрерменге жол тартты.

Архивтегі фильмдер қайта прокатқа шығарылып, халыққа қолжетімді бола бастады.

Ұлттық киноны көру мүмкіндігі кеңейді: ұшақ борттарынан бастап, стримингтік платформаларға, телеарналардан шалғай ауылдарға дейін.

Өңірлерде «Қазақ киносының онкүндігі» өтті.

«JARQYRA» республикалық кастингі ұйымдастырылып, жаңа таланттарды анықтау жұмысы басталды.

Қазақстандық фильмдер халықаралық деңгейде де танылып келеді: соңғы деректерге сай, олар 300 фестивальге қатысып, 177 жүлде жеңіп алған.

Бұл қадамдар ұлттық кинематографияның көкжиегін кеңейтіп, қазақ мәдениетін әлемге танытуға жол ашып отыр.