Жаңалықтар

Ермек Көшербаев СІМ ретіндегі алғашқы қадамы туралы айтты

Қазақстанның жаңа Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев тағайындалуына қатысты пікір білдіріп, алғашқы шешімі жайында айтты.

Ақордадағы кулуарда журналистер одан министрлік алдында қандай міндеттер тұрғанын сұрады. Көшербаевтың айтуынша, басты назар Мемлекет басшысы айқындаған бағыттарды жалғастыруға аударылмақ.

«Министрлік бұрын қалай жұмыс істесе, мен де сол бағытты жалғастырамын. Қызметкерлер өз орындарында, мен барған жерімде адамдарды өзгертуді құптамаймын. Бұл – менің өзіме етене жақын ұжым. Олардың бәрін жақсы білемін, кезінде баспасөз хатшысы да, вице-министр де болдым. Көптен бері бірге жүрген жігіттердің кәсіби тұрғыда өскенін көріп қуанып отырмын. Сыртқы істер саласында қалыптасқан жақсы мамандар бар деп есептеймін», – деді ол.

Журналистер жаңа министрден алғашқы шешімі туралы да сұрады

«Бұған ерекше мән берудің қажеті жоқ. Алдымен ұжыммен таныстым, жұмыс кестесін қарадым, әр мәселе бойынша мәлімет беруді өтіндім. Үлкен папкалар әкелді, соның бәрін оқып шығу – менің алғашқы шешімім», – деді Көшербаев.

Сонымен бірге, ол бұл қызметте одан бұрын болған Мұрат Нұртілеудің еңбегіне қатысты пікір білдірді.

«Менің келгендегі мақсатым – бағалау емес. Өзіме тапсырылған жұмысты атқарамын. Ал Мұрат Әбуғалиұлының еңбегіне бағаны Президент берді. Ол қазір Мемлекет басшысының көмекшісі болып тағайындалды. Бұл – оң бағаланғанының айғағы», – деді министр.

Көшербаевтың сөзінше, кадрлық ауыс-түйістерді табиғи құбылыс ретінде қабылдау керек.

«Бұл – қалыпты жағдай. Егер оған шамадан тыс мән беріп, астарынан басқа себеп іздесек, қате жолға түсеміз. Шын мәнінде бәрі қарапайым: белгілі бір міндеттер орындалады, одан кейін басқа адамдар келеді», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 26 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Көшербаев Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұрынғы министр Мұрат Нұртілеу халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі Президент көмекшісі қызметіне ауысып, бұрынғы лауазымынан босатылған еді.