Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін

ҚР Энергетика министрлігі мұнай өңдеу саласының 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірледі. Жобаға Экология министрлігі, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», ғылыми-зерттеу институттары мен отандық мұнай өңдеу зауыттары қатысқан. Тұжырымдаманы дайындау барысында 50-ден аса компания мен мемлекеттік органнан мыңнан астам ұсыныс түсті.

Құжаттың алғашқы кезеңін жүзеге асыру басталып та кетті. Энергетика министрлігі 19 іс-шарадан тұратын Жедел жоспар құрған, оның 8-і орындалды. Қазір зауыттарға іссапарлар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, сондай-ақ жобалардың жол картасы жасалды.

Алты негізгі басымдық анықталды:

  • Мұнай өңдеу зауыттарының қуатын ұлғайту;
  • Мұнай өңдеу және мұнай химиясы ғылыми-зерттеу институтын құру;
  • «Конденсат» АҚ жүктемесін кезең-кезеңімен 50%-ға жеткізу;
  • Экологиялық таза К5 және одан жоғары санаттағы отынға көшу;
  • Жанар-жағармайдың стратегиялық қоймасын салу;
  • Жаңа мұнай-химия зауытының құрылысы мәселесін қарастыру.

Сала екі бағытта дамып келеді:

Мұнай химиясы – Атырау МӨЗ-де бензол мен параксилол өндіру арқылы;

Газ химиясы – KPI жобасы аясында полипропилен шығару арқылы.

Энергетика министрлігінің өкілдері қазіргі зауыттарды заманауи мұнай-химия кешеніне айналдыру тиімді екенін айтады. Бұл инвестициялық тартымдылықты арттырып, ұзақмерзімді активтерді қалыптастырады.

Айрықша көңіл авиаотын өндірісіне бөлінген: үш ірі МӨЗ жылына 1,5 млн тонна авиаотын өндіруді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жекеменшік зауыттардың әлеуетін көтеру де қарастырылған.

Жаңа тұжырымдама мұнайды терең өңдеу көлемін арттырып, сапалы мотор және авиаотын өндірісін жолға қоюға, саланы тұрақты дамытуға негіз болмақ.