2026 жылы Қазақстан экономикасының қарқыны төмендеуі мүмкін – ЕҚДБ
Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан экономикасының 2025 жылы 5,7% өсетінін болжады. Алайда келесі жылы өсім қарқыны бәсеңдеп, ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) артуы шамамен 4,5% деңгейінде болуы ықтимал. Сарапшылар бұл құбылысты мұнай тасымалының Ресей инфрақұрылымына тәуелділігі және шикізат бағасының тұрақсыздығымен байланыстырады.
Мұнай мен өнеркәсіп – негізгі драйверлер
2025 жылы ел экономикасына басты серпін берген сала – мұнай өндірісі. Теңіз кен орнындағы өндірістің ұлғаюының арқасында алты айда мұнай көлемі 11,6%-ға артқан. Бұл өсім өнеркәсіп, құбыр арқылы тасымалдау және көтерме сауда бағыттарына оң ықпал етті.
Құрылыс пен тұтыну белсенділігі
Құрылыс секторы да қарқынды дамуда. 2025 жылдың алғашқы жартысында оның өсімі 18,4%-ға жетті. Бұл көрсеткішке инфрақұрылымдық жобалар, коммуналдық желілерді жаңғырту, тұрғын үй және білім беру нысандарының салынуы әсер етті.
Сонымен бірге ішкі сұраныс пен инвестициялар экономикалық белсенділікті қолдап тұр. Халықтың тұтынушылық шығындарының артуы банктердің несие беру көлемінің 31%-ға өсуімен түсіндіріледі.
Аймақтық көрініс
ЕҚДБ дерегінше, Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан экономикасы, 2025 жылы орта есеппен 6,1%-ға ұлғаяды. Бұл өсімге өнеркәсіптің жоғары қарқыны, ішкі тұтынудың тұрақтылығы, инвестициялардың артуы және жалақы деңгейінің көтерілуі ықпал етеді.
Алайда 2026 жылы аймақ экономикасының өсімі 5,2%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұған шикізат нарығындағы тұрақсыздық, еңбек мигранттарының аударымдарына тәуелділік, сондай-ақ Ресей мен Қытай нарықтарына қатты байланыстылық негізгі қауіп ретінде аталады.