Денсаулық

Парацетамолдың аутизмге қатысы бар ма? ДДСҰ Трамптың мәлімдемесіне жауап берді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) АҚШ президенті Дональд Трамптың «Тайленол» (парацетамол) дәрісінің жүктілік кезінде қабылдануы мен аутизм арасындағы ықтимал байланысы туралы айтқанына пікір білдірді.

Аутизм және ықпал ететін факторлар

Ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда парацетамолды қолдану мен аутизмнің пайда болуы арасында нақты ғылыми дәлел жоқ. Әлемде шамамен 62 миллион адам аутизм спектріндегі ауытқумен өмір сүреді, алайда оның нақты себептері анықталмаған. Ғалымдар бұл құбылыстың түрлі факторлардың жиынтығына байланысты болуы мүмкін екенін алға тартады.

Соңғы жылдардағы ауқымды зерттеулер де жүктілік кезінде парацетамол қабылдау мен аутизмнің арасында тікелей байланыс таппаған. ДДСҰ жүкті әйелдерге кез келген дәріні тек дәрігердің кеңесімен қолдануға кеңес береді.

Вакциналар аутизмге себеп болмайды

«Балаларды вакцинациялау аутизмнің себебі емес екеніне бұлтартпас дәлелдер жеткілікті. Бұл қорытынды әртүрлі елдерде жүргізілген ірі ғылыми зерттеулерде бірнеше рет расталған. 1999 жылдан бері ДДСҰ-ға кеңес беретін тәуелсіз сарапшылар вакциналардың, құрамында тиомерсал немесе алюминий бар түрлерін қоса алғанда, аутизмге немесе өзге де даму ақауларына себеп болмайтынын нақтылап келеді», – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Екпе күнтізбесі және халықты қорғау

ДДСҰ-ның әдістемелік басшылығымен дайындалған балаларға арналған екпе күнтізбесі бүгінде ересектер мен балаларды 30 түрлі жұқпалы аурудан қорғайды. Соңғы 50 жыл ішінде бұл бағдарлама 154 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалды. Сарапшылар екпе мерзімін кешіктіру инфекцияның таралу қаупін күшейтетінін, әсіресе нәрестелер мен иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті екенін ескертті.

Трамптың мәлімдемесі және сарапшылар пікірі

Еске сала кетсек, бұған дейін Дональд Трамп жүктілік кезінде «Тайленолдың» құрамындағы ацетаминофенді қолдану балалардағы аутизмге ықпал етуі мүмкін деген пікір айтқан. Оның айтуынша, бұл бағытта жаңа деректердің саны артып келеді.

Сонымен қатар ол балалардағы аутизмді емдеуде фолин қышқылын (лейковорин) пайдалануды қолдайтынын, алдын ала нәтижелер оның тиімділігін көрсетіп отырғанын жариялаған.