Тоқаев Мьянма президентінің міндетін атқарушымен келіссөз өткізді
Мемлекет басшысы Мьянма Президентінің міндетін атқарушы, Мемлекеттік әкімшілік кеңесінің төрағасы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды newsroom.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мин Аун Хлайнды қарсы алып, оның Астанаға жасаған сапарын екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жақсы мүмкіндік деп бағалады.
«Мьянманың өзіндік мәдениеті, қайталанбас дәстүрлері және маңызды геостратегиялық орны бар. Екі мемлекет те жаһандық көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан», – делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Әңгіме барысында Президент Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісіп, елдің алдағы тұрақты өсуіне бағытталған стратегиялық жоспарлары жөнінде айтты.
Тараптар екі ел экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаржы, IT және цифрландыру салаларындағы әріптестіктің болашағы зор екенін атап өтті.
Тоқаев Қазақстанның Еуразиядағы маңызды транзиттік торап екенін, «Бір белдеу, бір жол» мегажобасына белсенді қатысып жатқанын, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» және Орта дәліз бағыттарын дамытуға үлес қосып отырғанын жеткізді. Осы орайда екі ел арасындағы көлік байланысын нығайтудың маңыздылығы айтылды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесімен бөлісті. Ол «Әралуандылықтағы бірлік» қағидаты, толеранттылық саясаты және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасы туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде Мин Аун Хлайн Қазақстан Президентіне жылы қабылдау үшін алғыс айтып, ортақ мүддеге сай салаларда сындарлы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.