Ташкент облысында уланған балалар саны 1940 адамға жетті
Ташкент облысының жеті ауданы мен қаласындағы балабақшаларда жаппай тағамдық улану фактісі тіркелді. Ауруханаға шамамен екі мыңға жуық бала жеткізілді,- деп хабарлайды newsroom.kz
Санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқат комитетінің мәліметінше, 26 қыркүйек таңына дейін 1940 бала медициналық көмек алған. Олардың 930-ында улану белгілері расталмаған, олар үйіне жіберілді. 941 баланың жағдайы жеңіл деп бағаланып отыр, ал 22 бала орташа ауырлықтағы жағдайда.
Орны жетіспегендіктен, Аққурған, Пскент, Бүкің, Бекабад және Құйичирчик аудандарының кейбір пациенттері Алмалық пен Нурафшон ауруханаларына ауыстырылды.
Зерттеу барысында балабақшалардағы тамақтандыру үш аутсорсинг компаниясы арқылы жүргізілгені анықталды. Олар кефирді бір жеткізушіден – Shark Milk Product компаниясынан алған. Өнімнен алынған 540 сынама зертханалық талдау үшін жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, улану туралы алғашқы хабарламалар 25 қыркүйек таңертең пайда болған болатын. Сол күні шамамен 100-ден астам бала ауруханаға жеткізілді. Кешке қарай зардап шеккен балалар саны он есе артып кеткен.