Қызылордада облыс әкімінің қатысуымен азаматтық форум өтті
Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыс әкімдігі және Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесіп ұйымдастыруымен «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты азаматтық форум өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz
Аймақ басшысы азаматтық сектор халық пен биліктің арасында алтын көпірге айналған ортақ алаң екенін айтты.
«Бүгінде еліміздің дамуын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – азаматтық сектор. Мемлекеттің табыстылығы үкіметтік емес ұйымдардың жемісті әрі тиімді қызметіне тікелей байланысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет»,– деп атап өткен болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймағымызда 15 қоғамдық ұйым болса, бүгінде олардың қатары мыңға жуықтады. Оның 300-і өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсенді араласуда. Бұл қоғамда азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын айқын көрсетеді.
Барлық ауданда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер, жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігі мен өзектілігін бағалайтын сарапшылық топтар жұмыс істейді. Әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялардың жұмысына 190 үкіметтік емес ұйым өкілі белсенді қатысады.
2023-2025 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттен 3 млрд. 684 млн. теңге қаражат бөлініп, 427 әлеуметтік жоба іске асырылуда, 3 мың адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жобалардың 200-ге жуығы ауыл тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды.
Басқосуда Н.Байқадамов, М.Әбенов, Р.Темірбеков, Л.Шыңғысбаева, Ж.Әлжанова, Б.Нұрғазиева сөз сөйлеп, азаматтық қоғам институттарының маңыздылығына тоқталды.