Астанада алғашқы LRT пойызы 29–30 қыркүйекте іске қосылады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мәжіліс кулуарында келесі аптада астанада LRT пойызы іске қосылатынын мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz
«Келесі аптада, 29 немесе 30 қыркүйекте алғашқы пойызды, мысалы, Абу-Даби станциясы мен Маңғылік Ел көпірі бағытында іске қосамыз деп күтеміз. Кейінгі уақытта күнделікті жұмыс уақыты, станциялар саны мен пойыздар санын арттырамыз. Бір аптадан кейін 1-2 станция арасында тестілік режимде жұмысын көретін боламыз», — деді әкім.
Тестілеу 3-тен 6 айға дейін жүргізіледі. Қазан айында қосымша 8 пойыз келіп, желтоқсанға дейін барлық 18 құрам жұмыс істейтін болады.
«Жоспарымыз бойынша, барлық құрамдар келесі жылдың басынан бастап жұмыс істейді. Желтоқсанның соңына немесе қаңтардың басы–ортасына дейін барлық құрамдар тестілік режимде жұмыс істейтін болады. Жобалық жолақысы – 200 теңге», — деп қосты Жеңіс Қасымбек.