Аргентинада есірткі тобы үш қызды азаптап өлтіріп, TikTok-та тікелей эфирге шығарған
Буэнос-Айресті дүр сілкіндірген қанды қылмыс: есірткі тобы үш қызды азаптап өлтіріп, TikTok-та тікелей эфирге шығарған
Қылмыстық оқиға Аргентина қоғамын шошытты. Құрбандардың туыстары әділдік сұрап отыр, ал қанды бұйрықты берген басшы шетелге қашып кеткен болуы мүмкін.
Өткен жұмада Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында үш бойжеткен – 15 жастағы Лара Гутьеррес, 20 жастағы Бренда дель Кастильо және 21 жастағы Морена Верди із-түссіз жоғалған болатын. Қыздар бір кешке шақырту алған соң, ерікті түрде көлікке отырып кеткені бейнебақылау арқылы анықталды.
Алайда, кейін белгілі болғандай, оларды төрт келі кокаин ұрлады деген желеумен наркобанда қастандықпен шақырып, азаптап өлтірген. Құрбандар Буэнос-Айрестің шеткері ауданындағы Флоренсио Варела мекенінде орналасқан үйге жеткізілген. Бұл жер бүгінде баспасөзде “Қорқыныш үйі” деп аталып отыр.
Бес күннен кейін полиция сол үйдің ауласына көмілген үш қыздың денесін тапты.
TikTok-тағы тікелей эфир: Қылмыстың ең сорақы жағы — жауыздар жас қыздарды өлтіру сәтін TikTok арқылы тікелей эфирде таратқан. Буэнос-Айрес қауіпсіздік министрі Хавьер Альонсоның мәліметінше, трансляцияны 45 адам көрген, олар жабық топ мүшелері болған.
Мұндай қатыгез бұйрықты Перулік есірткі тобының басшысы берген. Оның мақсаты – ұйым мүшелеріне ескертпе жасау, ұрлық жасағандар жазасыз қалмайтынын көрсету болған. Қазір бұл адам Аргентина аумағынан қашып кеткен деген болжам бар.
Сот-медициналық сараптама: азаптаудың аяусыз белгілері
Тергеу материалдары құрбандардың әрқайсысы жантүршігерлік азапқа ұшырағанын анықтады:
Лара Гутьеррес – сол қолының бес саусағы түгел кесілгеннен кейін өлтірілген;
Бренда дель Кастильо – басына ауыр соққы алып, іші жарықша тіліп тасталған;
Морена Верди – целлофан пакетпен тұншықтырып өлтірілген.
Болжам бойынша, қыздарға шамамен 220 фунт стерлинг (қазіргі курс бойынша 130 мың теңге) төленетіні айтылып, оларды "жыныстық кешке" алдап шақырған.
Тергеу мен тұтқындаулар
Қазіргі таңда 12 күдікті ұсталған. Алғашқы күні-ақ төрт адам тұтқындалды, кейіннен тағы сегізі қолға түсті. Оның ішінде қылмыс орны саналатын үйді тазартып жатқан екі әйел де бар.
Ұсталғандар қатарында 18, 19 және 28 жастағы үш Аргентина азаматы, сондай-ақ 27 жастағы Перу тумасы бар. Қыздарды тасымалдаған көлік өртелген күйде табылды.
Наркокек: қатыгез бұйрықтың астарында не жатыр?
Тергеу органдары бұл қылмысты есірткі ұрлығына қарсы жасалған кек ретінде бағалап отыр. Бейресми деректерге сәйкес, қыздардың екеуі ұйымнан кокаин ұрлады деген күдікке іліккен. Бұл әлі нақты дәлелденбесе де, басты себеп ретінде қарастырылуда.
Қауіпсіздік министрі Хавьер Альонсо:
«Бұл жағдай — есірткі саудасындағы ұйымдардың ішкі тәртіп пен қорқыныш арқылы басқарылатынын, қатал жазалау арқылы ескерту жасайтынын көрсетеді. Бұл — нағыз наркокек», – деп мәлімдеді.
Құрбандардың жақындары үн қатты
Қыздардың туыстары, әсіресе Бренда мен Моренаның апасы Хосефина дель Кастильо, қоғамнан қолдау сұрап, пікірлердің әділетсіздігін сынға алды:
«Иә, олар кештерге баруы мүмкін еді. Бірақ бұл олардың азаппен өлтірілуіне себеп бола алмайды. Олар — үш жас қыз. Үш отбасы қайғы жұтып отыр. Әр өмір – маңызды», – деді ол.
Қанды бұйрық берген басшы іздеуде
Қазіргі таңда Перулік есірткі тобының басшысы іздестірілуде. Ол — осы қатыгез жазаны ұйымдастырған басты күдікті. Құқық қорғау органдары оның Аргентинадан шығып кеткенін растап, халықаралық іздеу жариялады.
Буэнос-Айресте болған бұл оқиға есірткі қылмыстарының қаншалықты қатігез және жүйелі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. TikTok-тағы тікелей эфирде трансляцияланған өлім — бұл жай ғана қылмыс емес, қоғамның ар-намысына жасалған шабуыл.
Бұл оқиға Аргентина ғана емес, бүкіл әлемге есірткімен күресте жаңа шындықты көрсетіп отыр: енді қауіп тек көше бойындағы саудада емес, желі ішінде де басталып кетуі мүмкін.