Әлем

«Эрдоған Ресейден мұнай алуды тоқтатсын» – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыс жалғасып жатқан тұста Түркияның Ресейден мұнай сатып алуы қате шешім деп санайды. 

18 қыркүйекте Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен өткен баспасөз мәслихатында егер одақтастар Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатса, Мәскеуге қарсы жаңа санкцияларды қолдауға дайын екенін айтқан еді. Оның пікірінше, мұнай бағасының төмендеуі Украинадағы қақтығысты тезірек тоқтатуға ықпал етеді, өйткені «Мәскеуде басқа амал қалмайды».

Трамп сондай-ақ Украинадағы жағдайдың күрделі екенін, соғысты аяқтау үшін президент Владимир Зеленскийге ымыра іздеуге тура келетінін атап өтті. Сонымен бірге ол Еуропаны да Ресейдің энергоресурстарынан толық бас тартуға шақырды.

22 қыркүйекте Франция Сыртқы істер министрлігі Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге қарсы 19-пакет санкциясын келісіп қойғанын хабарлады. Жаңа шараларға ресейлік газдан жедел бас тарту, мұнай компанияларымен кез келген мәмілені тоқтату және ресейлік мұнайдың бағалық шегін барреліне $47,6-ға дейін төмендету кіреді. Бұдан бөлек, «көлеңкелі флотқа» жататын 118 кеме мен 45 компания санкциялық тізімге енгізілмек.

Бұл қадамдар Мәскеудің энергия экспортына соққы болып қана қоймай, Анкараның геосаяси таңдауын да күрделендіруі мүмкін. Түркия Ресей мұнайына тәуелділіктен бас тартса, аймақтағы күштер тепе-теңдігі түбегейлі өзгеруі ықтимал.