Жаңалықтар

Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың мүлкін тексеруді талап етті

Депутат Ринат Зайыт Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевтың мүлкіне қатысты тексеріс жүргізуді талап етті.

Жекеленген ықпалды тұлғалардың күмәнді байлықтарын байланысты тергеу шараларын күшейткені қуантады дейді депутат. Бірақ…

«Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі дерек айтылып жүр. Әсіресе, атышулы «Алтын орда» базарына қатысы жиі сөз болады. Алайда бұл нысандардың тәркіленген активтер қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған», - дейді  депутат.

Депутат Нұрбол Назарбаевқа қатысты және Алтын орда базары, Алматы облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау керек деді.

Нұрбол Назарбаевтың байлығы халықтан құпия сақталып отыр.

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевқа қатысты сот ісін қозғады. Сот өткен, алайда оның мән-жайы әлі күнге дейін жарияланбаған.

Белгілісі – сот шешімімен Нұрбол Назарбаев 57 млрд теңге көлеміндегі активтерінен айырылды, олар мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек, оған 925 млн теңге айыппұл және 230,4 млн теңге өсімпұл салынды.