«Оларға да оңай соқпас» – «Қайрат» бапкері «Реалға» қарсы матч туралы
Анарбеков пен Заруцкийдің жағдайы қалай?
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин командадағы қақпашылардың жағдайы туралы айтып, мадридтік «Реалға» қарсы өтетін кездесу алдындағы ойымен бөлісті.
Оның сөзінше, қақпашы Темірлан Анарбеков ауруханадан шыққан, жақын күндері толыққанды жаттығуға қайта оралады. Қазір қақпаны Шерхан Қалмұрза қорғап тұр, ал жарақатынан айығып жатқан Александр Заруцкий де жақын арада қатарға қосылады. Осылайша, бапкерлер құрамы негізгі қақпашылардың барлығын сапта көруге үмітті.
Ал алдағы «Реалға» қарсы ойынға қатысты пікір білдірген Уразбахтин атақты қарсыластың да қиындықсыз емес екенін айтты.
«Реалда да біз сияқты тірі адамдар ойнайды. Олар да тығыз кестемен жүреді, жиі ұшады, жаңа ортаға бейімделеді. Бір аптаның ішінде бірнеше матч өткізіп, үш рет ұшып үлгерді. Мұндай қарбалас кез келген командаға ауыр тиеді. Сондықтан оларға да оңай соқпайды деп ойлаймын», – деді бапкер.
«Қайраттың» испандық алпауытқа қарсы ойыны алматылық жанкүйерлер үшін маусымның ең басты оқиғаларының бірі болғалы тұр.