Сиыр еті неге арзандамай тұр?
Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауын тежеу үшін енгізілген экспорттық шектеулер күткен нәтижесін бермеді. Керісінше, мамандардың айтуынша, мұндай шаралар бағаны түсірмей, мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
Шектеулердің салдары
Naryk.kz-тің айтуынша, сарапшылар бұл қадамды салаға жасалған «екінші соққы» деп бағалайды. Бұған дейін тірі мал экспортына тыйым салынған, алайда оның да нарықтағы бағаға әсері болмаған.
«Дайын етті сыртқа шығаруға шектеу қою да бағаны төмендетпейді», – дейді мамандар.
Неге әсер етпейді?
Қазақстандағы ірі қара малдың 70–80%-ы ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын қожалықтардың қолында. Олар ел ішін етпен қамтамасыз етеді, бірақ экспортқа шықпайды.
Ал сыртқа өнім сататын – негізінен ірі агрохолдингтер. Олар премиум санаттағы ет өндіреді. Бағасы 10 мың теңгеден асатын бұл өнімге ішкі нарықта сұраныс жоқ.
Экспорт үлесі тым аз
2011 жылы қабылданған бағдарламада Қазақстан 2016 жылға қарай 60 мың тонна ет экспорттауды жоспарлаған еді. Бірақ субсидиялау жүйесіндегі олқылықтар мен тірі мал экспортының жеңілдігі бұл жоспарды орындатпады.
2024 жылы сыртқа шығарылған ет көлемі небәрі 30 мың тонна болды. Бұл елде өндірілген 400 мың тоннаның тек 8%-ы ғана. Сарапшылардың пікірінше, бағаға ықпал ету үшін экспорт үлесі кемінде 25% болуы қажет.
Негізгі түйткілдер ауылда
Ет бағасының өсуіне ауылдағы ұсақ шаруашылықтардың мәселелері себеп болып отыр:
- ұзақ мерзімді әрі қолжетімді несие бағдарламасының жоқтығы,
- жайылым тапшылығы мен жердің тозуы,
- жем-шөптің қымбаттауы (мысалы, кебектің тоннасы – 95 мың теңге),
- өнімді тікелей қалаға жеткізіп сату мүмкіндігінің болмауы,
- делдалдардың бағаны екі есе көтеруі.
Мамандар не ұсынады?
«Экспортқа тыйым – дұрыс шешім емес. Бұл саладағы жүйені бұзады. Ішкі нарықты тұрақтандыру үшін ең алдымен ауылдағы ұсақ шаруашылықтарға қолдау көрсетілуі тиіс», – дейді сарапшылар.
Олардың айтуынша, еттің бағасын төмендетудің кілті – шағын қожалықтарға жеңіл несие беру, қолжетімді жайылыммен қамтамасыз ету және арзан жем-шөппен қолдау. Ал экспортты шектеу тек ірі холдингтердің дамуын тежейді, бірақ тұтынушы қалтасына жеңілдік әкелмейді.