Жаңалықтар

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында не айтты?

«Біздің таңдауымыз – соғыс емес, бейбітшілік»: Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлед.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ рөлін күшейту және Қауіпсіздік кеңесін реформалау маңызды екенін айтты. Ол қақтығыстардан гөрі бейбіт келіссөздер мен өзара құрметтің құндылығына назар аударды.

Қазақстан үшін басты басымдықтар – цифрландыру, жасанды интеллект, экономикалық даму және саяси реформалар. Тоқаев 22 сәуірді Жерді көгалдандырудың халықаралық күні ретінде белгілеуді ұсынды және тұрақты даму мақсаттарының маңызын атап өтті.

Президент көтерген негізгі мәселелер:

  • Қазақстан ядролық державалар арасында диалогты қайта жандандырып, халықаралық келісімдерді нығайтуды ұсынады.
  • Қару-жарақ жарысының орнына мемлекеттер бейбітшілікке инвестиция салуы тиіс. Қазақстан қарусыздану мен биологиялық қауіпсіздікті талқылау алаңына айналуға дайын.
  • 2024 жылы әскери шығындар рекордтық деңгейге – 2,7 трлн долларға жетті. Ал зорлық-зомбылықтың жалпы құны адамзатқа шамамен 20 трлн долларға түсуде.
  • Қазақстан Украинадағы қақтығысқа алаңдаулы және оны бейбіт жолмен шешу үшін дипломатия мен өзара жауапкершілікке шақырады.
  • Газадағы гуманитарлық дағдарыс бейбіт тұрғындарды қорғауды және гуманитарлық көмекке жол ашуды қажет етеді. Қазақстан екі мемлекет негізіндегі шешімді және БҰҰ рөлін қолдайды.
  • Әзербайжан мен Армения татуласуы ұзаққа созылған дауларды да келіссөздер арқылы шешуге болатынын көрсетті.
  • Қазақстан Аралды құтқару ісін жалғастыруда және Каспийді сақтау үшін шұғыл бірлескен шараларға шақырады.
  • Елде «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған реформалар жүргізіліп жатыр. Президентке бір реттік жетіжылдық мерзім белгіленді.
  • Жалпыұлттық референдум арқылы бір палаталы парламентке көшу ұсынылуда.
  • Биыл экономика 6 пайыздан астам өсім көрсетеді деп күтілуде.
  • Энергетикалық стратегия мұнай, газ, көмір, уран және аса маңызды минералдарға негізделген.
  • Жасанды интеллект пен ауқымды цифрландыру – ұлттық басымдық. Үш жыл ішінде барлық салаларға жасанды интеллект енгізіліп, толық цифрландыру жүзеге асырылмақ.
  • Электронды үкімет қазірдің өзінде қызметтердің 90 пайызын қамтып отыр.
  • Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әрі қарай да бітімгерлік пен делдалдық рөл атқара беретінін айтты.

«Біздің таңдауымыз – үстемдік емес, тепе-теңдік, қақтығыс емес, ынтымақтастық, соғыс емес, бейбітшілік».

Тоқаев ТМД елдері басшыларының ішінде бірінші болып сөз сөйледі. Барлығы 97 мемлекет басшысының қатысуы күтілуде.