Зеленский Путинмен Қазақстанда кездесуге дайын
Бұл туралы Украина президенті Fox News арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, Киев әріптестерімен бірге Ресейге мемлекет басшылары деңгейінде кездесуді Түркияда, Катарда, Сауд Арабиясында, Австрияда немесе Швейцарияда өткізуді ұсынған.
«Қаласаңыздар, мысалы, Қазақстанда да болады», – деді ол.
Зеленский үшжақты кездесуді ешқандай «алдын ала шартсыз» өткізуге дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Нью-Йоркте Украина басшысы Қазақстан президентімен жүздескен. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде де қақтығысты бейбіт жолмен шешу жолдарын іздеу маңызды екенін атап өтті.
БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Зеленский АҚШ президентімен де кездесті.
Кездесуден кейін Дональд Трамп Украина ЕО мен НАТО қолдауымен барлық оккупацияланған аумақтарын қайтара алады деген пікірін жазды. Оның айтуынша, бұған Украина Ресейге туғызып отырған «экономикалық қиындықтар» себеп бола алады.