Астанада өткен Backstreet Boys концертіне 45 елден 12 мың турист келді
21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында елорда тарихындағы айтулы мәдени оқиғалардың бірі өтті. Әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы Қазақстанда алғаш рет концерт қойды.
Шараға Германия, Франция, Польша, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдерді қамтыған 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам турист арнайы ат басын бұрды.
Концертті ұйымдастырған «Астана Концерт» компаниясы Total White дресс-кодын жариялап, кешке ерекше атмосфера берді. Әлеуметтік желілерде #GetReadyWithMe тренді кең тарап, жанкүйерлер көптен күткен концертке қалай дайындалғанын бөлісті.
Backstreet Boys өнер көрсеткен кеш тек әлемдік турдың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар елорда мәдени күнтізбесінде есте қаларлық оқиға болды. Әлемдік музыкалық тарихта 130 миллионнан астам альбом сатқан топ – поп-музыкадағы ең табысты ұжымдардың бірі.
Айта кетейік, 2025 жылы Backstreet Boys Лас-Вегастағы әйгілі The Sphere кешенінде бір күнде 500 мыңнан астам билет сатылып, музыкалық индустриядағы жаңа рекорд орнатқан еді.