Алматыда «Алатау» жаңа теннис орталығы ашылады
Алматының Алатау ауданында заманауи «Алатау» теннис орталығының ресми ашылуы өтеді. Бұл шара Алматы қаласының күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Жоба – спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызды қадамдардың бірі,- деп хабарлайды newsroom.kz
Жаңа орталық тек қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартумен шектелмей, кәсіби теннисшілерді даярлау, халықаралық турнирлер өткізу және жастарды спортқа тарту үшін тың мүмкіндіктер ұсынады.
Заманауи инфрақұрылым
Жаңа теннис орталығы халықаралық стандарттарға сай салынған және ITF пен ATF деңгейіндегі республикалық әрі халықаралық турнирлерді қабылдай алады.
Орталық аумағындағы нысандар:
• Қатты жабындысы бар 4 жабық корт;
• Қатты жабындысы бар 4 ашық корт;
• Грунтты жабындысы бар 6 корт;
• Ашық алаңдарда 150 орындық және ғимарат ішінде 100 орындық трибуналар.
«Алатау» жаңа орталығының жалпы аумағы 5000 шаршы метрден асады. Орталық оңтүстік астананың халқы тығыз орналасқан Алатау ауданында орналасқан. Мұндағы инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жасақталған және барлық жас санатындағы кәсіпқой спортшылар мен әуесқойларға арналған.
Орталық тек жарыстар өткізумен шектелмей, бұқаралық теннисті дамытуға бағытталған. Оқыту үдерісіне білікті жаттықтырушылар тартылып, кәсіби спортшыларды даярлауға және бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған.
Табысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін тегін жаттығу топтары ұйымдастырылады – әрқайсысында кемінде 10 баладан екі топ құрылмақ. Сонымен қатар, көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер үшін жеңілдікті шарттар қарастырылған. Орталық мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де толықтай бейімделген.
Жаңа орталық мына нысандарды қамтиды:
• Медициналық кабинет;
• Буфет;
• Заманауи TechnoGym жаттығу құралдарымен жабдықталған фитнес-зал;
• Конференц-зал.
Жаңа орталық күніне 400 спортшыны қабылдауға қабілетті. Аталған жоба Қазақстан Теннис федерациясының қолдауымен жүзеге асырылды.