«Таза Қазақстан»: Алматыда 13 мың ірі ағаш егу жоспарлануда
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылуы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасыл желекті көбейту мен жайлы қалалық орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Алматыны көгалдандыру мен абаттандырудың күзгі науқанына дайындық мәселелері талқыланды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Кездесуде аудан әкімдіктері мен салалық қызмет өкілдерінің есепбі тыңдалып, жазғы жұмыс қорытындыланды және күзгі егіс маусымы бойынша іс-шаралар бекітілді.
Күзгі кезеңде Алматыда биіктігі 4–5 метр болатын 13 мың ірі ағаш және шамамен 100 мың бұта отырғызу жоспарланған. Жұмыстар қаланың 37 аумағында – магистральды көшелер бойында, сондай-ақ саябақ пен скверлерде жүргізіледі. Көктемде биіктігі 6 метрден асатын 2 мың ірі ағаш егілген болатын. Олардың қатарында жөке, шаған, қарағаш, қарағай, күміс үйеңкі және жасыл шырша бар.
Негізгі аумақтардың ішінде – Рысқұлов даңғылы (500 ағаш, бір бөлігі көшіру арқылы сақталады), Жаңа Саин көшесі (500 ағаш), сондай-ақ «Алматы Арена» маңы (60 ағаш). Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көгалдандыру сапалы әрі қаланың климаттық және топырақтық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – есеп үшін ағаш отырғызу емес. Маңыздысы – олардың жерсініп, өсіп, қаланың экологиясына ұзақ жылдар пайда әкелуі», – деді ол.
Ағаш отырғызумен қатар Алматыда санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Тек Медеу ауданында соңғы апталарда 60 жерде 31 жергілікті сенбілік өткіп, оған 6 мыңнан астам тұрғын, ерікті және бизнес өкілдері қатысты. 400-ден астам техника жұмылдырылып, 6 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Қалада аулаларды кешенді тазалау жұмыстары жүріп жатыр: 158 аула қамтылды, ал 10 қазанға дейін тағы 256 аулада жұмыстар аяқталмақ.
Коммуналдық қызметтердің жұмысына да ерекше назар аударылуда. Наурызбай ауданында арық жүйесін тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр: ол 92 көшені, жалпы ұзындығы 100 км-ден астам аумақты қамтиды. Жұмысшылар мен арнайы техника жұмылдырылған. Екі апатты өткел жөнделіп, тағы екеуінің құрылысы басталды, олар қазан айының ортасына дейін аяқталады.