Қазақстандық фермер әлемдік ірімшік байқауында алтын иеленді
Францияның Тур қаласында өткен беделді Le Mondial du Fromage халықаралық ірімшік(сыр) байқауында маңғыстаулық «Жеті лақ» фермасы алтын жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан атынан алғаш рет қатысқан өндірушілер жалпы есепте үш алтын, бір күміс және екі қола медаль еншілеп, ел мерейін үстем етті.
Ақшұқыр ауылында орналасқан «Жеті лақ» фермасы 2020 жылы Кобзевтер отбасының бастамасымен құрылған. Шаруашылық ешкі мен түйе сүтінен экологиялық таза өнімдер өндіреді. Қазіргі таңда кәсіпорын ай сайын шамамен 3,5 тонна ешкі сүтін өңдеп, пастерленген сүт, айран, йогурт, сүзбе, қаймақ және 12 түрлі ірімшік шығаруда.
— Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында ауылдағы агробизнесті дамыту мүмкін болып отыр. «Ауыл аманаты» секілді жобалар бізге үлкен демеу берді. Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалуы – бүкіл ауыл шаруашылығы қауымдастығы үшін ортақ жеңіс, — дейді ферма өкілі Александр Григолов.
Айта кетсек, дүбірлі додаға 32 елдің қатысушылары жиналды. Қазақстандық фермерлердің алғашқы қатысуда-ақ жүлделі орындарға ие болуы – отандық агроөнеркәсіптің әлеуетін айқын көрсеткен маңызды жетістік.