Газаны қолдағандарға қарсы шыққан жалғыз ел – АҚШ
АҚШ тағы да БҰҰ-дағы Газаға қатысты қарарға тосқауыл қойды
АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде Газа секторындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі қарарды кезекті рет қабылдатпай тастады. Бұл – соңғы екі жыл ішіндегі Вашингтонның алтыншы вето шешімі.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Қауіпсіздік Кеңесінің мерейтойлық 10 000-отырысында АҚШ құжатқа қарсы дауыс берген жалғыз мемлекет болды. Ал Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания бастаған өзге мүшелер құжатты қолдады.
Қарардың бастамашылары – Кеңестің тұрақты емес мүшелері: Алжир, Дания, Гайана, Пәкістан, Панама, Корея Республикасы, Сьерра-Леоне, Словения және Сомали. Құжатта:
- кепілдегілерді ешқандай шартсыз босату,
- Израильге Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз кіргізу,
- көмек пен негізгі қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету талаптары жазылған.
БҰҰ бұған дейін Газада қаза тапқандардың саны ресми көрсеткіштен он есе көп болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондай-ақ халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильді әскери шабуылды тоқтатуға шақырды.
Айта кетейік, БҰҰ комиссиясы Израильдің Газа секторындағы әрекетін геноцидке тең деп бағалаған еді.