«Ұлдарымды уайымдап, бокстасу сәтін қарай алмадым» – қос чемпион Сабырхандардың анасы
Шымкент маңындағы Маятас ауылында екі күннен бері үлкен қуаныш. Маятаста туған ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандар бокстан әлем чемпионатында чемпион атанған. Қос чемпионның ата-анасы қуаныштарын бөлісіп, сыр шертті.
Әке қуанышы
Айдархан Сабырхан үшін бұл жеңістің орны ерекше. «Ұлдарым спортта шыңдалуы үшін ешқандай жұмыстан қашпадым» дейді ол. Балаларына жағдай жасау үшін үш жерде қатар еңбек еткенін жасырмайды. Әсіресе Төреханның жарысқа шығуын уайымдағанын айтқан әке:
«Теледидарға кіріп кетердей күй кештім. Қарсыластарының бәрі мықты болды. Соған қарамастан ұлым жеңіске жеткенде көз жасымды тия алмадым», – дейді.
Балалық шақтағы жаттығу
Айдархан Сабырхан ұлдарының еңбекқорлығын да еске алды:
«Жылқы бағып жүрсек те, Махмұд шелекпен маланың суын алып бара жатып, әр 10 метр сайын жаттығу жасайтын. Бірде 15 рет итерілу, бірде 20 рет секіру... Сол әдет Төреханға да жұқты. «Мен чемпион боламын» деп сайдан қырға өршелене жүгіретін», – дейді ол.
Ана толқынысы
Ал қос чемпионды дүниеге әкелген анасы Меңтай Асылова, ұлдарын алаңдап көре алмағанын айтады. Ол ақтық сында бүкіл әулет экранға телмірсе, өзі көрші бөлмеде тілекші болып отырған.
«Махмұд сабырлы, сенімді. Төрехан болса, мінезі ашық, энергиясы көп. Әр сөйлескен сайын «Мама, мен алтын әкелемін» дейтін. Махмұд жеңгенде қатты қуандым, ал Төрехан екінші алтынды алғанда алғаш рет көзімнен жас шықты. Олардың бауырмашылдығы жүрегімді елжіретті», – дейді анасы.
Отбасында бес бала бір-біріне қамқор. Ал бұл жолғы жеңіс бүкіл әулетті ғана емес, бүкіл елді қуанышқа бөледі.