Жаңалықтар

«Қаздан қашқан» балаға 100 қаз сыйланды

Ақтөбеде үш жастағы Керей Ермековті қаздар қуа жөнелген сәт түсірілген видео бүкіл әлемге тарап, тіпті америкалық рэпер Снуп Догг та бөліскен еді. Енді Керейге тағы 100 қаз сыйға берілді.

Бұл сыйлықты Есет Батыр ауданында тұратын баланың отбасына «Ауыл» партиясының облыстық филиалының жетекшісі Әлібек Базарғалиев табыс еткенін партия өкілдері Instagram парақшасында жазды.

«Баланың әкесі Махамбет Ермеков партия қатарына қосылды», — деп хабарлады ұйым.

Керейдің қаздардан қашып жүрген видеосы тамыздың соңында желіде вирус секілді тарады. Бейнені оның әкесі Махамбет Ермеков жариялаған. Оның айтуынша, қаздар шын мәнінде балаға емес, қолындағы шелекке қызыққан. Өйткені құстар шелекте жем бар деп ойлаған.

Видео Instagram-да бір аптаның ішінде 100 млн қаралым жинап, ондаған миллион лайк пен TikTok-та 25 млн қаралымға жетті. Снуп Догг та өз парақшасында бөліскен. Қазір оның жарияланымының астында 218 мыңнан астам лайк бар.