Жаңалықтар

Күрес турнирінде қаза тапқан жасөспірімнің ата-анасы шындықты айтты

Ақтөбеде 15 жастағы спортшы Рахымжан Елепбергенов қаза болды. Қайғылы оқиға биыл ақпанда қазақша күрестен өткен оқу-жаттығу жиынында болғанымен, бұл туралы жақында ғана белгілі болды. Марқұмның ата-анасы болған жайды ашық айтуға бел буды, деп хабарлайды newsroom.kz Shyndyk.kz-ке сілтеме жасап.

Әкесі Нұрлыбек Мұқанғалиевтің айтуынша, спарринг кезінде қарсыласы лақтырғаннан кейін ұлы ауыр бас жарақатын алған. Жанында медициналық бригада болмағандықтан, алғашқы көмек көрсетілмепті.

— Ұлым бірнеше минут қимылсыз жатты. Кейін жаттықтырушы оны көтеріп, қайтадан жерге қойды. Мен оны аман алып қалуға болар еді деп ойлаймын. Тіпті ауруханада да құтқаруға мүмкіндік болған, — дейді әкесі.

Туыстарының сөзінше, бастапқыда жаттықтырушы мен мектеп директоры болған жағдайдың шындығын жасырған. Ата-анасына «жаттығудан кейін баланың халі нашарлап кетті» деп хабарлаған. Бірақ сол күні кешке өзге қатысушылардан Рахымжанның жарақатты дәл белдесу кезінде алғанын естіген.

Жас спортшы 42 күн бойы комада жатып, бес рет ота жасалды. Дәрігерлер аман алып қала алмады. 2025 жылдың 5 сәуірінде Рахымжан Елепбергенов ауруханада көз жұмды. Өлім себебі — бас сүйегінің ауыр жарақаты.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы жауаптылардан кешірім де естімеген.

— Ұлымның өліміне оқу-жаттығуды ұйымдастырушылар, білім және спорт бөлімінің басшылары, жаттықтырушысы жауап беруі тиіс деп есептеймін. Олардан бір тиын да талап етпеймін. Біз 15 жыл Родниковка ауылында тұрдық, бірақ ұлымыздан айырылғаннан кейін сонда қала алмадық, қалаға көшіп кеттік, — дейді Нұрлыбек Мұқанғалиев.

Полиция бұл істі бастапқыда «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету» бабымен қозғаған. Тергеу барысында камера жазбалары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынған. Алайда іс «қылмыс құрамының болмауына байланысты» қадағалау органының келісімімен тоқтатылған.