Түркістанда әйелін балталап, кейін өзіне де қол жұмсаған
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 56 жастағы еркек 45 жастағы әйелінің басына балтамен ұрып өлтіріп, артынан дәретханада өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Таңертең анасының аулада қансырап қайтыс болғанын – қызы, әкесінің асылып қалғанын ұлы көрген.
Марқұм ерлі-зайыптының ортақ төрт баласы мемлекет қарауына өткен. Оларды әйелдің туыстары өз қарауына алғысы келеді. Әйелдің туыстары тергеу ісіне күмәнмен қарап отыр. Ал полиция оқиғаны растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғын үй жағдайында жұбайына дене жарақатын салған.Салдарынан ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттайтын аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген», – делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция тергеу амалдарына байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.