Жаңалықтар

Қазан айында қазақстандықтар неше күн демалады?

Қазан айында бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететін қазақстандықтар жалпы тоғыз күн демалысқа шығады.

Күздің екінші айында ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Биыл бұл күн 25 қазан, сенбіге сәйкес келеді. Сондықтан демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылып, қазақстандықтар қатарынан үш күн – 25, 26 және 27 қазанда тынығады.

Республика күні еліміздің тарихындағы маңызды дата. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланған еді.

Бұл күн алғаш рет 1995 жылы ұлттық мереке ретінде бекітіліп, 2009 жылдан кейін тойланбай қалған болатын. Алайда 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес, 25 қазан қайтадан ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді.