Қазақстанда электрсамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынбақ
Қазақстанда электрсамокат мінгендерге тротуарда жүруге заң жүзінде шектеу қою ұсынылып отыр.
Бұл туралы ІІМ вице-министрі Игорь Лепёха Үкімет отырысында айтты.
– Өткен жылы-ақ бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізілген еді. Оның бірқатары қолдау таппады. Осыған байланысты депутаттармен бірлесіп, жаңа түзетулер әзірледік. Оған сәйкес электрсамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады, – деді ол.
ІІМ сонымен қатар кикшерингілік компаниялардың міндеттерін нақтылап, электрсамокат пайдалану ережелерін бекіту құқығын әкімдіктерге беруді ұсынып отыр.
– Әкім өзі шешім қабылдай алса: қай көшеде жүруге болады, қай жерде болмайды, қай уақытта шектеу қойылады, қандай аймақтарда тыйым салынады – бәрін реттеуге мүмкіндік болар еді. Бірақ депутаттар бұл бастаманы қолдамады. Қазір осыған қайта оралып отырмыз, – деді вице-министр.
ІІМ дерегінше, 2025 жылдың басынан бері электрсамокат жүргізушілерінің 29 мың заңбұзушылығы тіркелген, 8 мың самокат айыптұраққа қойылды.
Тамыз айында ірі кикшерингілік компанияларға тәртіп бұзған самокатшылармен күресу үшін техникалық шектеулер енгізу міндеттелген.
Бұған дейін Алматыда екі жасөспірім самокатпен келе жатып, ішінде сәбиі бар арбаны қағып кеткен еді. Тағы бір жағдайда самокатшы тротуарда жүйткігені үшін ескерту жасаған ер адамның көзін жарақаттады.
Сенатор Марат Қожаев кикшерингілік компаниялардың клиенттерінің ереже бұзғаны үшін жауапкершілікті тікелей сол компанияларға жүктеуді ұсынды. Бұл жолдағы қауіпсіздікті арттыруға сеп болмақ.