Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Жамбылда балалар қазасынан кейін шенеуніктерге сөгіс берілді

Жамбыл облысында балаларға қатысты бірнеше қайғылы оқиға тіркелгеннен кейін жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылды.

Жамбылда балалар қазасынан кейін шенеуніктерге сөгіс берілді

Көкқайнар ауылында футболдан кейін оқушылар арасында төбелес болып, бір бала соққыдан есінен танып, артынша көз жұмған.

Тағы бір жағдай Таразда тіркелді. 9-сынып оқушысы сыныптасының соққысынан мектеп әжетханасында қаза тапты.

Осыған байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев шұғыл жиын өткізді.

– Жаңа оқу жылы басталғалы кәмелетке толмағандар қатысқан ауыр қылмыстардың саны артты. Соңғы екі аптада үш бірдей қайғылы оқиғаның тіркелуі қабылданып жатқан шаралардың нәтиже бермей отырғанын көрсетеді, – деді әкімнің баспасөз қызметі.

Әкімнің айтуынша, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Алайда ол бұған дейін бірнеше рет нақты тапсырмалар бергенімен, тиісті нәтижені әлі көрмей отырғанын атап өтті.

Ербол Қарашөкеев әр ауылдық округке жеке учаскелік полицейді бекітуді, бос орындарға қысқа мерзімде қызметкерлерді тағайындауды талап етті.

Әкім орынбасары Серік Салемовке – сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен оның орынбасары Ұлан Сламбековаға, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жанибеков пен оның орынбасары Найман Сұлтанбаевқа, сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековке – қатаң сөгіс жариялау тапсырылды.

Білім басқармасына Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің, сондай-ақ басқа да жауапты тұлғалардың қызметтік сәйкестігін тексеру міндеттелді.

Сонымен бірге әкім кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу бойынша мониторингтік топ құруды тапсырды. Ол барлық оқу орындарында кеңейтілген сауалнама жүргізіп, соның негізінде қажетті шараларды қабылдауы тиіс.

Топтың басты міндеті – жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауатын арттыру, құқықбұзушылықтың салдарын түсіндіру. Оның нәтижесі үшін Тараз қаласы мен аудан әкімдері жеке жауап беретін болды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату