Алматыда қоқыс полигонында өрт шығып, таңнан бері сөнбей жатыр
Алматы облысында, Алатауға жақын маңдағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында шыққан өрт 15 қыркүйек таңынан бері сөндірілмей тұр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті ауыздықтау жұмыстары қиынға соғуда.
«Жану ошағы 10 метрден астам тереңдікте жатыр. Үздіксіз бағыт ауыстырып соққан жел мен бояу-лак өнімдерінің болуы оттың күшеюіне себеп болып, өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып отыр. Айта кетейік, бұл полигонды пайдаланатын кәсіпорын экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған», – деді министрлік өкілдері.
Ведомство еске салғандай, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға нысан иелері, ұйым басшылары мен мүлікті иеленуге, пайдалануға немесе басқаруға өкілетті тұлғалар жауапты.
Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. ТЖМ мәліметінше, жағдай бақылауда және тілсіз жаудың жақын аумақтарға тарау қаупі жоқ.