Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
Қазақстанда бүгін Отбасы күні аталып өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай халыққа құттықтау жолдады.
Президенттің айтуынша, отбасы – қазақстандықтар үшін қасиетті ұғым. Бұл – тұлғаның қалыптасу негізі, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен мәдениет дәні себілетін орта.
«Бұл мереке халқымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мәңгі құндылықтар төңірегінде біріктіреді. Сондықтан да біз біртұтас ұлт ретінде отбасы институтын қорғап, нығайтып, қазақ халқының бай дәстүріне және заманауи көзқарасқа сүйенген құндылықтарды кеңінен дәріптеуіміз қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ата-ананың орнына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ежелден отбасының тірегі болған аналар құрметке лайық, ал әкелердің еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа үлгі.
«Әр шаңырақтағы ынтымақ – елдің ілгері дамуы мен Әділетті, Қуатты Қазақстанды құрудағы маңызды шарт. Сол себепті мемлекет отбасы құндылықтарын насихаттауға, ана мен баланың құқығын қорғауға айрықша мән береді.
Әр отбасында береке-бірлік орнасын! Барша отандастарыма мықты денсаулық пен табыс тілеймін!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.