Әлем

Лондонда көші-қонға қарсы ірі митиң өтті

13 қыркүйек, сенбі күні Лондон орталығында көші-қон саясатына қарсы ірі наразылық акциясы ұйымдастырылды. Трафальгар алаңында өткен «Біріккен корольдікті сақтайық» атты шеруді оңшыл белсенді Томми Робинсон бастап шықты. Полицияның дерегінше, акцияға шамамен 110 мың адам жиналған.

Қатысушылар үкімет пен премьер-министр Кир Стармердің көші-қон саясатына қарсы ұрандар айтып, американдық консерватор Чарли Кирктің портреттерін ұстап шықты. Робинсонның айтуынша, шеру онлайн-трансляция арқылы миллионға жуық көрермен жинаған. Шерушілер «Қайықтарды тоқтат», «Оларды үйлеріне қайтар» деген жазуы бар жалаулар көтерді.

Таңертеңгі бөлім тыныш өтсе де, кейіннен полициямен қақтығыстар тіркелді. Құқық қорғаушыларға шыны бөтелке, фаер және металл заттар лақтырылған. Қала көшелеріне қосымша 1600 полиция қызметкері тартылды, оның 500-і көршілес аудандардан келген.

Сол күні Лондонның басқа ауданында нәсілшілдікке қарсы қозғалыс Stand Up To Racism ұйымдастырған «Фашизмге қарсы марш» өтті. Онда шамамен 5 мың адам жиналды. Полиция екі топтың қақтығысын болдырмау үшін арнайы тосқауыл қойды. Алайда әлеуметтік желілерде тараған бейнекадрларда екі жақтың арасында жанжал болғаны көрінеді.

Наразылық шаралары елде мигранттарды қонақүйлерге орналастыруға байланысты дау-дамайдың, жаңа ІІМ басшысының тағайындалуы мен үкімет саясатына байланысты өршіді. Бұған қоса, Эппинг қаласында 38 жастағы Эфиопиядан келген босқынның кәмелетке толмаған қызға қырындағаны туралы оқиға халықтың ашуын күшейткен.