Даниядағы чемпионатта қазақстандық студенттер тарихи жетістікке жетті
Қазақстан ұлттық құрамасы Данияда өткен IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионатында – EuroSkills Herning 2025 жарысында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Қазақстандық студенттер бірден жеті «Үздік медальон» жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Чемпионатқа 32 елден 25 жасқа дейінгі 600 жас маман қатысты. Қазақстандық колледж студенттері 25 құзырет бойынша бақ сынады. Олардың қатарында веб-технологиялар, мехатроника, инженерлік графика, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу, мейрамхана сервисі, кондитерлік іс, автомеханика және басқа да бағыттар бар.
Жеңімпаздар тізімі:
Веб-технологиялар – Мұхаметжан Ағыбай (Астана қ., ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжі). Сонымен қатар Қазақстанның «Best of Nation» – үздік өкілі атанды.
Мехатроника (топтық жұмыс) – Артем Мочинский (Өскемен жоғары политехникалық колледжі) және Данил Турапин (Астана қ., Жоғары политехникалық колледж).
Графикалық дизайн – Бағыжан Қойшыбаев (Ақтөбе қ., Жоғары политехникалық колледж).
Желілік және жүйелік әкімшілендіру (топтық жұмыс) – Данил Лапенко (Астана қ., Жоғары политехникалық колледж түлегі) және Глеб Сауленко (Қостанай обл., Автомобиль көлігі колледжінің түлегі).
CAD инженерлік дизайн – Бақдаулет Қуаныш (Атырау обл., С. Мұқашев атындағы политехникалық жоғары колледж).
Ұлттық құраманы жеңісімен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтады.
– Бұл жетістік техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Жұмысшы мамандықтар жылы қазақстандық колледждер заманауи кадр даярлау орталықтарына айналып келе жатқанын, ал студенттеріміздің халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отыр. Барша студенттерді, педагогтерді, сарапшылар мен тәлімгерлерді тарихи жеңіспен құттықтаймын, – деді министр.
Анықтама үшін: EuroSkills – WorldSkills қозғалысы аясында өтетін Еуропадағы ең ірі жас мамандар чемпионаты. Оның мақсаты – кадрларды даярлаудағы заманауи стандарттар мен жетістіктерді көрсету. 2023 жылы Қазақстан 2 медальон жеңіп алған еді. Биылғы чемпионат Солтүстік Еуропадағы ең ірі көрме орталықтарының бірі – MCH Messecenter Herning алаңында өтті.