Аймақтар

Президент жолдауы: Қызылордада маңызды шешімдер қабылданды

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Оған құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, жастар, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы Жолдауда көрсетілген жеті бағыт бойынша тапсырмалар жүктеді.

«Мемлекет басшымыз  экономиканың салаларын жаңғырту үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын жеделдетіп енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданып, елімізді одан әрі өркендетудің, әлеуметтік-экономикалық, инновациялық дамытудың жаңа бағдары айқындалды.

Жаппай цифрландыру арқылы отандық экономиканы әртараптандыру, кешенді түрде жаңғырту көзделген. Алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру мақсатында нақты стратегиялық межелерді белгіледі.
Өңірге инвестиция тарту жұмыстары тек кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен ғана шектеліп қалмауы қажет. Қала, аудан әкімдіктері мен әрбір басқарма өз салалары бойынша қарқынды жұмыс жасауы тиіс.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы 2026 жылға негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін бекіту үшін ұсыныс беріңіздер.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасауда арнайы экономикалық аймақтың маңызы зор. Жаңадан қолға алынған жобаларды күнделікті бақылауда ұстап, сүйемелдеу қажет.
2025-2027 жылдарға  арналған агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жол картасына енгізілген жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етіңіздер.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда облысқа бекітілген межені 100 пайыз орындау қажет.

Жолдауда айтылған мәселелердің бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Бұл орайда нақты ұсыныстар енгізіңіздер. Мемлекет басшымыз Жолдауда әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаждарға бағыттауды тапсырды.  Бұл жұмыстарды заң аясында жалғастыруды тапсырамын», – деді Н.Нәлібаев.