Жаңалықтар

Әріптесі дәрігерді өлтіріп, мұздатқышқа жасырған

Ақтөбеде белгілі нефролог Абай Айсагалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Айыпталушылар орындығында – марқұмның әріптесі.

Мамыр айында дәрігердің туыстары оның жоғалғаны туралы хабарлаған. Екі күннен соң оның денесі қаладағы гараждардың бірінен табылды. Тергеу дерегінше, айыпталушы Айсагалиевтің шотында қомақты қаражат барын білген. Қайғылы күні ол әріптесінің үйіне барып, пышақ және балтамен басына соққы жасаған. Ауыр жарақаттан дәрігер оқиға орнында қаза тапқан.

Кісі өлтірген соң күдікті марқұмның банк картасынан 5 млн теңге шешіп алған, сондай-ақ ноутбугын, планшетін және екі телефонын алып кеткен.

Прокурор Гүлзира Көшербаеваның айтуынша, айыпталушы 27 мамырда мобильді қосымша арқылы жүк көлігін шақырып, жүргізушіге «мұздатқышты гаражға жеткізу керек» деп түсіндірген. Ішінде ет барын айтып, ақшасын қолма-қол берген. Кейін мұздатқыштың ішінде марқұмның денесі болғаны анықталды.

Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Тергеу қылмыстың барлық мән-жайын анықтауды жалғастыруда.