«Блогер «Эйр Астанадан» 95 750 теңге өндіріп алды: рейс кешіксе өтемақы қалай алынады?
Әуе сапарларында жиі кездесетін мәселе – рейстің кешігуі. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай жағдайда жолаушы тек әуежайда күтіп қана қоймай, өтемақы талап ете алады.
Заң не дейді?
Мәжіліс депутаты Самат Мусабаевтың айтуынша, әуе рейсі кешіккен әр сағат үшін компания жолаушыға билет құнының 3 %-ын өтемақы ретінде төлеуі тиіс. Егер компания ескертпей кешіктірсе, қосымша 2 % айыппұл қарастырылған.
Алмас Алтай «Эйр Астанадан» 100мың теңгедей өтемақы өндіріп алған
Журналист Алмас Алтай әлеуметтік желідегі парақшасында өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, «Эйр Астана» әуе компаниясынан ол заңға сүйеніп 95 750 теңге өндіріп алған.
«30 тамызда Астана – Камрань рейсі 23:00-де ұшуы керек еді. Бірақ ұшақ бақандай 5 сағат кешікті. Әуежайға екі рет барып, жүйкеміз жұқарды, балалар жылады, ұйқы бұзылды. Демалыстың жарты күні зая кетті. Камраньға жеткен соң-ақ өтемақыға арыз жаздым. 10 күннен кейін «Эйр Астана» маған 95 750 теңге төледі. Бұған қоса, хабарландырмай кешіктіргені үшін тағы 2% айыппұл талап етемін», – деп жазды Алтай.
Қалай талап етуге болады?
- Әуе компаниясына ресми арыз жазыңыз. Онда рейс уақыты, кешіккен сағаттар және талап етіп отырған өтемақы көрсетілуі тиіс.
- Чектер мен билеттерді сақтап қойыңыз.
- Егер компания жауап бермесе, Азаматтық авиация комитетіне немесе сотқа жүгінуге болады.
Тіпті, кешігудің салдарынан болған шығынды да өндіріп алуға болады. (Мысалы, дәрігерге жазылу, т.т.)
Бұл неге маңызды?
Блогердің жазуынша, әр рейстен осылай 10 адам талап етсе, әуе компаниялары келесі жолы кешіктіруге ойланады, депті депутат Самат Мусабаев.
Жолаушы өз құқығын білсе, ұшақ кешіккен сайын өтемақысын қайтарып ала алады. Заң бар, тек талап ету керек.