Жаңалықтар

Қазақстан экономикасының өсімі 6,5%-ға жеделдеді

Қазақстанның ЖІӨ 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 6,5%-ға өсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 3,7%-дық өсімнен екі есе жоғары. Мұны Ұлттық статистика бюросының деректері көрсетіп отыр.

Экономиканың жеделдеуіне сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларындағы оң өзгерістер ықпал еткен. Өнеркәсіп жалпы алғанда 7,6%-ға артқан, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп өсімі 2024 жылғы кезеңмен салыстырғанда 6,5%-ға жеткен.

Өңдеуші өнеркәсіптегі негізгі серпін берушілер:

  • машина жасау – +15,1%
  • тамақ өнімдері өндірісі – +10,1%
  • мұнай өңдеу – +7,6%
  • химия өнеркәсібі – +7,5%
  • металлургия – +1,1%

Сауда көлемі 8,9%-ға ұлғайған. Оның басым бөлігі – көтерме сауда, ол саланың 66,6%-ын құрайды. Ең жоғары өсім Шымкентте (+21,3%), Шығыс Қазақстан облысында (+5,7%) және Жетісу облысында (+0,6%) тіркелді.

Құрылыс саласында өндіріс көлемі 18,1%-ға, көлік және қойма қызметтері 21,5%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өсті.

Deutsche Bank зерттеуіне сәйкес, соңғы бес жылдағы Қазақстанның орташа жылдық нақты ЖІӨ өсімі шамамен 3%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Біріккен Араб Әмірліктері, Индонезия және Сауд Арабиясының деңгейімен шамалас.

Айта кетейік, Қазақстанның ЖІӨ 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға өскен. Ал 2024 жылы ел экономикасы жалпы есеппен 5%-ға артқан еді.