Жаңалықтар

Су көп, бірақ сенім аз: суару маусымы несімен есте қалды?

10 қыркүйек күні Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде суару маусымының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Маусым қорытындылары: су алу көлемі мен өңірлік көрсеткіштер

Ведомство деректеріне сүйенсек, биыл су алу көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистральді каналы арқылы сәуір айында секундына 87 текше метр, мамырда 66 текше метр су жіберілген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2023 жылы бұл көрсеткіштер сәйкесінше 30 және 27 текше метр болған.

Жалпы алғанда, биылғы вегетациялық кезеңнің басынан бері Жетісу облысы 1,2 млрд текше метрден астам, ал Алматы облысы 1,3 млрд текше метр су алған.

Заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл және бақылау

Министрлік өкілдерінің айтуынша, соңғы айларда суды заңсыз пайдалану мен су ұрлығының алдын алуға баса назар аударылған. Мемлекеттік бақылау күшейтілді:

  • арнайы су пайдалану үшін жалпы көлемі 22,3 млрд текше метр болатын 912 рұқсат берілді;
  • 258 тексеру жүргізілді (оның ішінде жоспардан тыс);
  • су заңнамасын бұзудың 369 дерегі анықталды.

Осылайша, тәртіп пен ашықтық мәселесі сала реттеушісінің назарында қала бермек.

«Қазсушар» және жемқорлық мәселесі

Баспасөз мәслихатында newsroom.kz тілшісі салалық ұйымдардағы жемқорлық тәуекелдерін көтерді. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров былай деді:

– «Қазсушарда» жемқорлық деректері тіркелген жоқ. Бұл мәселе үнемі бақылауда, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Министрлікте жемқорлыққа мүлдем төзбеу саясаты бар, тиісті шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда, – деді ол.

Халықаралық қарыздар

Саладағы жобаларды қаржыландыру жайы да сөз болды. Алдамжаровтың айтуынша, Қазақстан Ислам даму банкімен әріптестік орнатқан:

– Ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға, гидротехникалық нысандарды қайта құруға және жаңа су қоймаларын салуға Ислам даму банкінен 1 миллиард 150 миллион доллар несие тартылды. Келісімдерге қол қойылды, қазір жобаларды жүзеге асыруға байқаулар өткізіліп жатыр, – деді вице-министр.

Сонымен бірге, ол бұл қарыз мемлекет кепілдігімен алынғанын және «Қазсушардың» қаржылық теңгеріміне тікелей әсер етпейтінін атап өтті. Дегенмен, нақты қандай жобалар жүзеге асатыны және бөлінген қаражат қаншалықты тиімді игерілетіні әзірге белгісіз.

Қорытынды

Суару маусымының аяқталуы бірқатар жайтты көрсетті: бір жағынан, елде су алу көлемі артып, бақылау күшейген. Екінші жағынан, су ресурстарының ұзақмерзімді тұрақтылығы мен халықаралық қарыздардың қаншалықты ашық игерілетіні әзірге жауапсыз күйде қалып отыр.