Қонақүй көп, сапа жоқ: туризмдегі басты түйткіл
Қазақстанға 2024 жылы 10,3 млн турист келгенімен, олардың ішінде небәрі 1,3 миллионы ғана ресми қонақүй мен хостелде тоқтаған. Қалғандары есепке енбей қалғандықтан, бұл статистика саланың шынайы әлеуетін толық ашпайды.
Туризмнің негізгі тірегі – өз қазағы
Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартысында орналастыру орындарындағы шетелдік туристердің үлесі небәрі 14%-ды құрады. Оның жартысынан көбі (50,2%) – іссапармен келгендер. Демалыс пен жеке сапар үшін келгендер саны тіпті аз. Бұл дерек қонақүй бизнесінің негізгі клиенті шетелдік емес, қазақстандық туристер екенін айқын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – елдегі инфрақұрылым мен сервис сапасының әлі де әлсіз екенін аңғартады.
Қонақүй саны өсіп, сапа төмендеді
Соңғы үш жылда қонақүйлер саны артқанымен, ресми жұлдыздық санат алған нысандардың үлесі кеміп барады: егер 2023 жылы 5,6% болса, 2025 жылы 4,8%-ға дейін төмендеген. Көптеген шағын нысан сертификациядан өтпейді, өйткені ол қосымша шығынды әрі кәсіби талаптарды қажет етеді. Нәтижесінде, сапа төмендеп, туристердің сенімі азайып отыр.
Мемлекет пен жекеменшіктің арақатынасы
Қонақүй бизнесінде жекеменшік ойыншылар басым болғанымен, мемлекеттік үлес әлі де жоғары – 19%. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш бәсекелестікті әлсіретіп, сапа стандарттарының дамуына кедергі келтіреді.
Сектор құрылымы жүйесіз
Қазіргі таңда орналастыру орындарының 53%-ын қонақүйлер құраса, үштен бірі – пәтер мен коттедждер. Қалғаны – лагерьлер мен шағын нысандар. Мұндай құрылым қонақүй бизнесінің жүйелі дамымағанын білдіреді.
Туризмнің әлеуеті ашылмай тұр
«Әлемдік деңгейде туризм экономика үлесінің 10%-ына дейін жетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 3,2% ғана. Туризмді дамыту үшін қонақүйлердің сапасын арттырып, шетелдік туристерді тартуға бағытталған маркетинг пен инфрақұрылымға баса көңіл бөлу қажет. Әйтпесе, қонақүй саны артқанымен, сапа мәселесі шешілмей қала береді», – дейді Halyk Finance сарапшылары.