Аймақтар

Алматы әкімі «Барлық» базары маңындағы даму жобаларымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Барлық» базары орналасқан аумақтағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын көрді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Әкім метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезегіне қатысты жобаға тоқталды. Ол «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аралықты қамтиды. Жоспарға сәйкес, ұзындығы 5,3 шақырымдық тоннельдер қазылып, үш станция салынбақ. Сонымен қатар «Барлық» базары аумағында бірыңғай көлік-айырбас торабы (хаб) жасалады. 

Болашақ хаб құрамына метро станциясы, қалааралық автобекет, жеңіл рельсті көлік станциясы және автотұрақ кіреді. Жоба Алматының шет аймақтарын орталықпен байланыстырып, тұрғындардың барынша ыңғайлы қоғамдық көлікпен қатынауына мүмкіндік береді.

Сапар барысында Дархан Сатыбалды жер асты су алу қондырғысы – «Ақжайық (Барлық)» жобасымен де танысты. Жаңа нысан Наурызбай және Алатау аудандарындағы 80 мыңнан астам тұрғынға тәулігіне 43 мың текше метрге дейін су береді. Бұл жоба қаланың батыс бөлігін су жүйесімен қамтиды.