Талғардан тағы тыныштық кетті: адамды атып, қызын ұрлаған
Алматы облысының Талғар қаласында болған қанды қылмыс жұртшылықты дүр сілкіндірді. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті бұрыннан таныс әйелмен жанжал үстінде оның ағасын аңшы мылтығымен атып өлтірген. Кейін әйелдің екі жасар қызын алып қашып, оқиға орнынан жасырынған.
Қайғылы жайттан соң баланың анасы — адвокат Гаухар Сарыева әлеуметтік желіде видео жариялап, оқиғаның кейбір тұстарын баяндады. Оның айтуынша, күдікті — автосервис қызметкері. Шамамен бір ай бұрын Сарыева оның қарындасына зорлық көрсетті деп шағымданған, бірақ полиция тиісті шара қолданбаған. Тіпті екі күн бұрын адвокат күйеуімен бірге күдіктіні ұстап, полицияға тапсырғанымен, келесі күні ол босатылыпты. Кейіннен ол әйелге қоқан-лоқы жасап, қарындасының үйіне барып, ағасын өлтіріп, сәбиді ұрлап әкеткен.
Баланы құтқару үшін полицейлік арнайы жасақ операция жүргізді. Қыз аман-есен құтқарылып, анасымен қайта қауышты. Оның өміріне қауіп жоқ екені хабарланды. Қазір сәби дәрігерлердің бақылауында, сондай-ақ психологтар көмек көрсетуде.
Ал Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті қолға түсті. Қару ретінде қолданылған шолақ мылтық тәркіленген. Министрлікте қылмыстың мән-жайы толық тергеліп жатқанын мәлімдеді.