Руханият

Ахмет туралы сіз білмейтін деректер: бүгін ұлт ұстазының туған күні

Бүгін — ұлт ұстазы, қазақ руханиятының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ол — ағартушы, ғалым, тілші, аудармашы ғана емес, өнердің де түрлі саласына жақын жан болған. Оған қатысты көпшілік біле бермейтін қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз.

Білім алған мектебі

Ахмет Байтұрсынұлы Торғайдағы қазақ-орыс мектебінде төрт жыл оқып, одан соң Орынборда бес жыл мұғалімдік қызмет атқарған. Бар болғаны тоғыз жылдық білім алса да, артына өлмес мұра қалдырды. Бүгінде оның еңбектері туған үйіндегі «Қазақ санасының шамшырағы» бөлмесінде сақтаулы тұр.

Байтұрсынұлы түсірген фото

Ән мен сурет өнеріне құштарлығы

Ахаңның «Іңкәрім» атты әні халық жадында қалған. Зерттеушілер бұл әнді қызы Шолпанның құрбысы Іңкәрге арнаған болуы мүмкін дейді. Сондай-ақ ол фотоға түсіруді жақсы меңгерген. Мәселен, Ахмет түсірген Шолпан мен Іңкәрдің суреті әлі күнге дейін эстетикалық жағынан ерекше туынды саналады. Бүгінгі тілмен айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы – әуесқой фотограф болған.

Қазақ әліпбиін жасауда неге араб графикасын таңдады?

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ әліпбиінің негізін қалаған ағартушы. Ол оңнан солға қарай жазылатын араб графикасын қолайлы деп танып, қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне бейімдеді. Оның араб графикасын таңдауының өзіндік себебі бар. Адам оңнан солға қарай жазғанда қолы тез талып кетпейді. Байтұрсынұлы құрастырған әліпби меңгеруге де жеңіл. Төте жазу аталуының себебі — осы. Оны әлі күнге дейін Қытайдағы қазақтар қолдануда.

Жеке хаттары мен жазбалары

Алматыдағы музей-үйінде  Ахаңның қолжазбалары мен хаттары бар. Солардың ішінде Міржақып Дулатұлымен жазысқан хаттары ерекше құнды. Зерттеушілердің айтуынша, екеуінің туыстық байланысы болған, оны хаттар да дәлелдейді. Төменде берілген хаттарын аудармашылар тәржімалауда қиналған. Олар өздеріне ғана түсінікті тілде жазған тәрізді.

Неге басқа ұлт өкіліне үйленді?

XX ғасырдың 20–30 жылдары қазақ зиялыларының біразы орыс және татар қыздарына үйленген. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің әйелі – Валентина Николайқызы, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі – Бәдрисафа Иванқызы, Әлихан Бөкейхановтың әйелі – Елена Яковқызы, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения Кириллқызы, Қаныш Сәтбаевтың әйелі – Таисия Алексейқызы және т.б.-лар. Қазақ зиялыларының орыс қыздарына үйленуіне ішкі және сыртқы эстетикалық мәдениеті мол қазақ қыздарының жоқ болуы себеп болса керек. Ол заманда халқымыз үшін білім бірінші орында емес-ті. Ал мұның астарында Кеңес өкіметінің жымысқы саясаты жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы да татар көпесінің қызы Бәдрисафаға ғашық болып, кейін Иван есімді орманшының қызы Александра Ивановнаға үйленді. Үйленген соң жары ислам дінін қабылдап, оған «Бәдрисафа» деген есім беріледі.

Өкінішке қарай, олардың өз балалары болмаған. Дегенмен, Аумат, Қазихан, Шолпан атты үш баланы асырап алған. Шолпан анасы Бәдрисафамен бірге айдауда болып, әкесінің тағдырын бөлісті.

Ахмет Байтұрсынұлы жарына арнап өлең де жазған. Соның бірі:

Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қылып сауаптапсам,
Тұрмай ма он молданың иманына.